Қостанай облысында соңғы бес жылда бала туу санының деңгейі төмен түскен. 2016 жылы 12 535 нәресте дүниеге келсе, 2017 жылы оның саны 11 733 болған. Демек, былтыр алдыңғы жылға қарағанда 802 бала аз туған.
Сонымен қатар 2017 жылы шетінеген сәбидің саны да межедегіден артық, 1000 балаға шаққанда 10,65 болған. Бес жасқа дейінгі бала өлімі өткен жылы әр мың балаға шаққанда 12,3 құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 10,3 болса, республикада –9,8 болды. Нәресте өлімі Арқалық қаласында 24,7 (18), Таран ауданында 21,6 (7), Әулиекөлде 20,7 (9) болған. Облыс көрсеткішінен де асып түскен.
Денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа туған нәресте өлімінің жоғары болуын қатты сынады. Таран, Әулиеукөл аудандары мен Арқалық қаласы аудандық, қалалық ауруханасы бас дәрігерлеріне қатты ескерту жасады, алдағы уақытта жағдайды түзеуді тапсырды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай